Ozon сатушыларға тауарларын Қазақстандағы қоймаларына әкелуді ұсынды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ozon сатушыларға тауарларын Қазақстанның қоймаларына орналастыруды ұсынды
Ozon сатушыларға тауарларын Қазақстанның қоймаларына орналастыруды ұсынды / фото: corp.ozon.ru

Ресейдегі Ozon-ға жасалған шабуылдардан кейін, маркетплейс сатушыларға тауарларын Алматы мен Астанадағы қоймаларға орналастыруды ұсынды. Бұл ұсыныс 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енбек, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астана мен Алматыдағы қоймалардан Ресей, Қазақстан және Қырғызстандағы тұтынушыларға тапсырыс жеткізіледі.

«Қазақстандағы қоймалар жергілікті сатып алушыларға тауарды жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Ресейге жөнелтілетін тапсырыстар да осы қоймалардан жеткізілмек», – делінген Ozon мәлімдемесінде.

Компания 30 қыркүйекке дейін Алматы мен Астанаға тауар тасымалдағаны үшін сатушылардан бөлек ақы алмайтынын айтты.

Сонымен қатар Қазақстандағы қоймаларға тауар санына шектеу қойылмайды, ірі көлемдегі жүктерді де орналастыруға болады.

Ozon тапсырысты Ресейге жеткізу уақыты арақашықтық артқанына қарамастан қолайлы болып қалатынын айтады. Мәселен, Екатеринбургке Қазақстаннан тапсырыс орта есеппен 4-5 күнде жеткізіледі.

Өткен айда Ozon-ның Ресейдегі ірі қоймаларына дрон шабуыл жасаған. Оған дейін Самар облысындағы қоймасында да өрт шыққан еді.

Сондай-ақ оқыңыз