Қарағандыда ауруханадан өрт шығып, науқастар эвакуацияланды

Қарағандыдағы Мұқанов көшесінде орналасқан көпсалалы ауруханада өрт шықты. Төтенше жағдай салдарынан 20 науқас қауіпсіз жерге көшірілді деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оқиға бірінші қыркүйек күні кешкі уақытта болған. 112 пультіне ауруханадағы өрт туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимаратта жиналған макулатура өртенген. Өрт бір қабатты кіреберіс бөліктің ағаш шатыр құрылымына тарайды. Бұл құрылыс аурухананың негізгі бес қабатты ғимаратына жапсарлас орналасқан.
ТЖМ құтқарушылары аурухана әкімшілігімен бірге қауіпсіздік мақсатында 20 науқасты ғимараттың көрші бөлігіне эвакуациялады.
25 шаршы метр аумақтағы өрт толық сөндірілді. Құтқарушылар жалынның аурухананың негізгі ғимаратына таралуына жол бермеді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқи отырыңыз: Түркістанда өрт сөндірушілер тұрғын үйді өрттен аман алып қалды