
Үш жыл бойы талқыланған KASE пен AIX-ті бір құрылымға біріктіру жоспарына нүкте қойылды. Енді реттеушілер екі биржаны қоспай, олардың жұмыс ережесі мен инфрақұрылымын бір-біріне жақындатпақ.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын таныстыру кезінде мәлімдеді.
Екі биржа бөлек жұмыс істейді
Реттеушінің мәліметінше, екі сауда алаңы заң жүзінде бөлек болғанымен, нарықтағы байланысы қазірдің өзінде жоғары. Қазақстанның акциялар нарығы капитализациясының 85%-дан астамы бағалы қағаздары KASE мен AIX-те қатар айналыста жүрген компанияларға тиесілі.
Екі алаңда да қызмет көрсететін компаниялар брокерлер айналымының 90%-дан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан реттеуші биржаларды бір ұйымға қосудың орнына, екі нарықтағы талаптарды біртіндеп үйлестіру тиімді деп есептейді.
«Мұндай өзара байланыс реттеушілік тәсілдерді жақындастырып, нарық қатысушылары үшін қолайлы әрі салыстырмалы жұмыс жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Нұржан Тұрсынханов.
Біріктіру жоспары неге орындалмады
2023 жылғы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев KASE пен AIX қызметі бір-бірін қайталайтынын айтып, олардың әлеуетін бірыңғай басқару аясында біріктіруді тапсырған еді. Сол кезде жаңа құрылымның үлгісін 2024 жылғы наурызда таныстыру жоспарланған.
Алайда 2024 жылы Мәскеу биржасы АҚШ санкциясына ілінді. Ол кезде Мәскеу биржасына KASE акцияларының 13,1%-ы тиесілі болғандықтан, бірыңғай биржалық холдинг құру жоспары тоқтатылды.
2025 жылғы шілдеде Ұлттық банк біріктіру процесінің кідіргенін ресми хабарлады. Енді реттеуші екі биржаны бір заңды тұлғаға айналдырудан түпкілікті бас тартып, олардың ережесі мен инфрақұрылымын үйлестіруге көшпек.
Нәтижесінде KASE пен AIX бөлек сауда алаңы ретінде жұмысын жалғастырады. Инвесторлар биржаны қызмет сапасына, инфрақұрылымына және инвестициялық мүмкіндігіне қарай таңдай алады.