Қазақстанда егістікті дронмен қорғайтын жаңа технология әзірленді

Жарияланды
Фото: gov.kz

Қазақстандық ғалымдар егістікті зиянкестерден қорғауға арналған жаңа технология әзірледі. Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары энтомофагтарды дрондардың көмегімен автоматты түрде тарату әдісін жасап шығарды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

BioDrop деп аталатын технология арнайы биоыдырайтын капсулалардан, оларды тарату құрылғысынан және дрон  аппаратынан тұрады. Капсулалардың ішіне ауыл шаруашылығы зиянкестерінің табиғи жаулары саналатын энтомофагтар  (Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor) орналастырылады.

Дрондар капсулаларды алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістікке таратады. Жерге түскеннен кейін капсулалар біртіндеп ашылып, ішіндегі энтомофагтар босап шығып, зиянкестерді жоюға кіріседі.

Далада жасалған сынақтар жаңа технологияның тиімділігін көрсетті. Энтомофагтарды таратқаннан кейін 14 күн өткен соң дәстүрлі қолмен тарату әдісіндегі биологиялық тиімділік 70–73% болса, BioDrop қолданылған алқаптарда бұл көрсеткіш 81–83%-ға жеткен. Яғни тиімділік орта есеппен 10–11 пайызға артқан.

Сонымен қатар дрондарды пайдалану жұмыс уақытын бірнеше есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Қолмен таратуға 1–1,5 сағат кетсе, дрон арқылы дәл сондай жұмысты 10–15 минутта орындауға болады.

Қазір технология төрт шаруашылықта енгізіліп, іс жүзінде қолданылып жатыр. Ғалымдар болашақта BioDrop жүйесін дәлме-дәл егіншілік және фитосанитариялық мониторинг технологияларымен бірге пайдалануды жоспарлап отыр.

Мамандардың пікірінше, энтомофагтарды қолдану химиялық препараттарға тәуелділікті азайтып, ауыл шаруашылығында өсімдіктерді қорғаудың экологиялық қауіпсіз әдістерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мәселен, Жапония да аюлардан қорғану үшін ЖИ мен дрон қолдана бастады. Билік өкілдері күз мезгілінде қауіптің одан әрі күшейетінін ескертіп, жаңа технологиялар енгізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз