Қыршын төрінде Көшпенділер ойындары қыза түсті – фоторепортаж

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: kursiv.media / Айгерім Таубай

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2 қыркүйекте Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласының маңындағы Қыршын шатқалында жалғасты. Мұнда 200-ге тарта киіз үй тігіліп, алғашқы күннің өзінде мыңдаған қонақты қабылдап жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қыршын шатқалы тау ортасында орналасқан. Ұйымдастырушылар елдегі тоғыз облыстың «Көшпенділер ауылын» кіреберіске орналастырып, одан әрі концерттер мен ойындар өтетін аумақтарды бір-бірінен алыс етіп бөлген. Бір сөзбен айтқанда, Көшпенділер ойындарын тамашалаймын деушілер адам көп болатынына және қызықтың бәрін аралап көру үшін жаяу жүруге дайын болуы қажет. Таңмен таласа барғандардың арасында көпшілік алдында өнер көрсететін өнерпаздар да бар. Бірі жұмысын таңғы бесте бастаса, енді бірі бірнеше күннен бері осында жүр. Олар келген қонақтармен бірге билеп, алтыбақан теуіп, арасында гид қызметін де атқарып жүр. Енді бірі «Манас» жырын оқыды.

фото: kursiv.media / Айгерім Таубай

Сондай-ақ көкбөрі, қыз қуу, теңге ілу секілді ойындардың қалай өтетінін көрсетіп жатыр. Тіпті көшпелі халықтың жаугершілік заманда қалай өмір сүргенін де көрсетті. Ол жерде қос тарап арасындағы кескілескен шайқас, от қою, атқа байлап сүйреу секілді көріністерді байқадық.

фото: kursiv.media / Айгерім Таубай

Таудағы ауа райының құбылмалы болатыны белгілі. Қонақтарға алдын ала жаңбыр жаууы мүмкін екені ескертілген. Ауа райы бірнеше сағат сайын өзгеріп отырды: бірде күн қатты ыстық болса, енді бірде жаңбыр құйды. Алайда бұл жергілікті тұрғындар мен қонақтардың көңіл күйіне, спортшылардың сайысты жалғастыруына еш әсер етпеді десек болады. Бәрі тартысқа толы сайыстарды тамашалап, өз жерлестеріне жанкүйер болып жүр.

фото: kursiv.media / Айгерім Таубай

Бір қызығы, ойындарды тамашалауға барғандардың дені ұлттық киім киіп жүр. Ал қолөнер бұйымдары мен естелік заттар сатып алуға болатын этнобазарда тек қырғыз халқына, көшпелі мәдениетке тән бұйымдардан бөлек, өзге мәдениеттердің де үлгілерін байқауға болады. Арасында тіпті Грузиядан жеткізілген құмыралар да бар.

фото: kursiv.media / Айгерім Таубай

Ойындарға келсек, назарымыз түрлі киім киген садақшыларға түсті. Садақ атудан 40 метр қашықтық бойынша сайыс өтіп жатыр. Арасында бірнеше Көшпенділер ойындарына қатысқан белгілі спортшылар да бар. Соның бірі – Қасымхан Қанат. Қасымхан бұған дейінгі ойындарда қола және күміс медаль алған. Биылғы ойында қанжығаға алтын байлау жоспары барын айтты.

Аустралия елінен келген садақшы / фото: kursiv.media / Айгерім Таубай

Оның сөзінше, садақ ату әлем елдерінде жақсы дамыған. Сол себепті додаға 51 елдің спортшылары қатысып жатыр. Жалпы ерлер арасында 115 садақшы, әйелдер арасында 81 қатысушы бар. Финал 4 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан спортшылары қазірге дейін екі алтын алды.

Сондай-ақ оқыңыз