ҰҚК Астанада ұсталған өзбекстандық профессордың ісіне қатысты пікір білдірді

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) профессор Икболджон Корабоевтың ұсталуына байланысты Өзбекстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілгенін мәлімдеді. Дегенмен комитет сотқа дейінгі тергеп-тексерудің егжей-тегжейін ашудан бас тартты, деп хабарлайды Кursiv.Media.
ҰҚК-нің Kursiv.Media-ға жолдаған жауабына сүйенсек, комитет Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сілтеме жасап, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын атап өтті.
«ҚР заңнамасына сәйкес, Өзбекстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілді», – делінген ҰҚК жауабында.
Ведомство басқа мәліметтерді, соның ішінде Корабоевтың процестік мәртебесін, қылмыстық іс бабын және оған тағылған күдіктерді ашып айтқан жоқ.
Оқиғаның мән-жайы
Өзбекстанның 46 жастағы азаматының ұсталғаны туралы бұған дейін BBC хабарлаған еді. Басылымның мәліметінше, Корабоев Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген және 3 шілдеден бері қамауда отыр.
Профессор жақындарының бірі BBC-ге берген ақпаратына сүйенсек, оның үйіне азаматтық киімдегі бірнеше адам келіп, оны тыңшылық жасады деп күдіктеніп отырғанын айтқан. Басылым Корабоевтың туыстары істі Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабымен («Тыңшылық») байланыстыратынын жазған. Алайда ҰҚК Kursiv.Media-ға берген жауабында ақпаратты ресми түрде растамады.
Ғылыми қызметі мен зерттеулері
Корабоев Астанада жұбайымен және үш кәмелетке толмаған баласымен бірге тұрған. Ұсталғанға дейін ол халықаралық қатынастар, өңірлік интеграция және маңызды минералды ресурстар саласындағы зерттеулермен айналысқан.
Ұсталар алдында профессор «Қазақстан мен Өзбекстандағы маңызды минералдар төңірегіндегі салыстырмалы құқықтық, саяси және стратегиялық нарративтер» атты зерттеу дайындаған. BBC жазуынша, жұмыс әлі жарияланбаған. Онда Корабоев Қазақстан мен Өзбекстанның маңызды минералдарға қатысты құжаттарын талдаған.
BBC профессордың ғылыми қызметі мен оның ұсталуы арасындағы байланысты нақты растау мүмкін болмағанын атап өтті.