ҰҚК тергеген істер бойынша 19 адам түрмеге қамалды

Жарияланды
28 адам күдікті ретінде ұсталды /фото: ҚР ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2026 жылдың маусым-шілде айларында жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесін бөлісті. Террористік және экстремистік қылмыс жасағаны дәлелденген 19 адам түрлі мерзімге сотталды, деп хабарлайды Kursiv.media.

2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың ісіне араласып, халықаралық іздеуде жүрген Алматы тумасы Түркияда ұсталған еді. Ол 2025 жылы елге депортацияланып, қамауға алынды. Сот үкімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Шымкент тұрғыны желіде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларына шақырғаны үшін 9 жылға сотталды.

28 адам күдікті ретінде ұсталды

Сонымен қатар екі ай ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында арнайы жедел-іздестіру шаралары өтті. Осының нәтижесінде 28 адам қолға түскен. 

Ұсталғандарға терроризмді насихаттады, діни араздық қоздырды, ғаламторда тыйым салынған материалдар таратты және экстремистік ұйымдардың жұмысына қатысты деген айып тағылып отыр.

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал сәуір-мамыр айларында террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін 13 адам сотталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз