Жалған есеп қағазын жазған: Астана тұрғыны мемлекетке 304 млн теңге қайтарды 

Жарияланды
қаржы жымқыру және сот үкімі
Астана тұрғыны жалған есеп қағазын жазған / фото: shutterstock

Елорда прокуратурасы мемлекет есебіне қаражат өндіріп алу жұмысын күшейтті. Сондай істердің бірі бойынша жалған шот-фактура жазып берген Астана тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Кursiv.Media

Астана қаласының прокуратурасы 2026 жылдың басынан бері мемлекет кірісіне жалпы сомасы 9,8 млрд теңге өндіріп алу туралы 11 талап енгізген. 

Солардың бірі бойынша Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Астана тұрғынын жалған шот-фактура жазып бергені үшін кінәлі деп таныды.

Сот анықтағандай, 2021-2022 жылдары сотталған азамат өзі басқарған ЖШС атынан нақты жұмыс атқармай не қызмет көрсетпей, жалған электронды шот-фактура жазған. Соның салдарынан мемлекет бюджетіне тиісті салық төленбеген.

Осыған байланысты қала прокуратурасы мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы талап қойды. Сот прокурордың талабын қанағаттандырып, сотталған азаматтан мемлекет есебіне 304 млн теңгеден астам қаражат өндірді.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының прокуратурасы мемлекеттік мекемеде бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталған еді. Мекеме бухгалтері өз шотына ақшаны заңсыз аударып отырған. Жымқырылған 10 млн қаржы мемлекетке қайтарылған.

Сондай-ақ оқыңыз