Жүрілген көлік сатып аларда нені ескеру керек – 4 маңызды кеңес

Қазақстанда жүрілген көліктер нарығы өсіп келеді. Алайда нарықтың ұлғаюымен бірге ақауы бар, жүрісі кері айналдырылған, жол апатына түскен немесе елге әкелінуіне қатысты заңдық мәселелері бар көлікке тап болу қаупі де артып отыр.
Mycar Group басқарушы директоры Дмитрий Савченко Business FM эфирінде жүрілген көлік таңдағанда нені ескеру керегін айтты.
VIN-кодты тексеріңіз
Көлік сатып алмас бұрын оның VIN-кодын арнайы сервистер арқылы тексерген жөн. Мұндай сервистер көліктің жүріс тарихын, жол апатына қатысқан-қатыспағанын және оған қойылған шектеулерді анықтауға мүмкіндік береді.
Егер танымал модель туралы ешқандай ақпарат табылмаса, бұл да сақ болуға себеп.
«Ақпараттың мүлде болмауы – сары немесе қызыл белгі беретін деректердің болғанынан да жаман», – деді Савченко.
Көлікті ресми дилерге апарыңыз
Көліктің техникалық жағдайын тексерудің ең сенімді жолы сол марканың ресми дилеріне апару.
Дилер мамандары нақты модельдің әлсіз тұстарын жақсы біледі және оған тән ақауларды анықтай алады.
«Дилерді іздеңіз, бұл – ең сенімді тәсіл. Егер дилер табылмаса, сол марка бойынша тәжірибесі бар мамандарға немесе көлік таңдауға көмектесетін сарапшыға жүгініңіз», – деп кеңес берді Савченко.
Брендтің беделін де ескеріңіз
Көлікті кейін қайта сатқан кездегі өтімділігі оның Қазақстан нарығында қаншалықты бұрыннан және кең көлемде сатылып келе жатқанына байланысты.
Сарапшының айтуынша, қытайлық көлік модельдері еуропалық және кореялық брендтерге қарағанда жиірек жаңартылады. Кей жағдайда бір модель бес жыл ішінде 3–4 рет жаңаруы мүмкін. Әрбір жаңарту бұрынғы нұсқаның бағасының төмендеуіне әсер етеді.
Ал Қазақстанда ресми дилері жоқ сирек кездесетін брендтердің көліктері қайта сатылған кезде өз құнының жартысына дейін жоғалтуы мүмкін.
Мұндай көлік қайта сатылғанда бастапқы құнының жартысына дейін төмендеуі мүмкін», – деп ескертті Савченко.
Көлік тюнингі оның бағасын түсіруі мүмкін…
Қайта қапталған салон немесе жаңартылған аудиожүйе көлікті қайта сатқан кезде оның бағасын көбіне көтермейді, керісінше төмендетуі мүмкін. Ерекше жағдайдың бірі – көліктің тартымдылығын арттыратын түпнұсқа дискілер.
«Тюнингке байланысты көліктің бағасы тек төмендеуі мүмкін. Себебі оның бастапқы қалпын бұзасыз, қаптамаларын ашып, сымдарды қайта жүргізесіз. Соның салдарынан сымдардың зауытта қарастырылғандай емес, басқа тәсілмен орналасу қаупі пайда болады. Ал мұны сатып алушылардың көбі бағалай бермейді», – деп түсіндірді Савченко.
Тағы да оқыңыз: Автосарапшы Қазақстанда ең өтімді жүрілген көліктерді атады.