АХҚО Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартқан

Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос президенті Тхонглун Сисулитпен кеңейтілген құрамдағы кездесуде Лаос компанияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Тоқаев атағандай, АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналды.
«Онда әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. АХҚО платформасы арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылды. АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады», – деді Президент.
Сондай-ақ Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Біз Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Бұл қарым-қатынасымызды нығайта түсуге берік негіз болады деп ойлаймыз. Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз», – деді Тоқаев.
Еске салсақ, Лаос Президенті Қазақстанға алғаш сапармен келіп отыр. Президент Қасым– Жомарт Тоқаевтың өзі мұны тарихи оқиға екенін айтты.