Бомба туралы әзіл айтқан жолаушы Алматы–Ақтау рейсінен түсірілді

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Бомба туралы әзіл айтқан жолаушы Алматы–Ақтау рейсінен түсірілді / Фото: Shutterstock

3 қыркүйекте Алматыдан Ақтауға ұшатын FlyArystan әуе компаниясының FS7177 рейсінен жолаушы бомба туралы әзіл айтқаны үшін түсірілді, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Оқиға ұшаққа отырғызу кезінде болған. Блогер Айгерім Сүлейменованың айтуынша, жасы үлкен жолаушы бортсерікке ауыр сөмкесін жоғарыдағы сөреге қоюға көмектесіп, кейін «Бұл сөмкеде қорғасын ба, әлде бомба ма?» деп әзілдеген.

Осыдан кейін көлік полициясы мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері тексеру жүргізді. Тексеру барысында тыйым салынған заттар мен жарылғыш заттар табылған жоқ. Әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырды.

Полиция мәліметінше, жолаушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, материал сотқа жолданды.

FlyArystan компаниясы кез келген қауіп төндіруі мүмкін мәлімдеме, оның ішінде әзілдің өзі де, авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес міндетті түрде тексерілетінін атап өтті. Мұндай жағдайлар ұшақтан жолаушыны түсіруге және рейстің кешігуіне себеп болуы мүмкін.

Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, жолаушы зейнет жасында болған. Оқиғадан кейін Алматы–Ақтау рейсі шамамен екі сағатқа кешігіп ұшқан.

Сондай-ақ оқыңыз