Nomad Games: Қазақстан үш күнде 34 медаль жеңіп алды

Жарияланды 3 Қыркүйек 2026 21:48

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
Көшпенділер ойындары Қыршын шатқалында өтіп жатыр/фото: Kursiv Media

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көпшенділер ойындарында үш күнде қазақстандық спортшылар 34 медаль алды. Оның ішінде 16 алтын, 8 күміс және 10 қола бар.

Аударыспақ

Аударыспақтан 100 келі салмақта әлем чемпионы, көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров қырғызстандық қарсыласын айқын жеңіп, үшінші рет чемпион атанды.

90 келіде Дарын Өткелбай барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлде иеленді. Аса ауыр салмақта Нұржан Еркінұлы қола медаль алды.

Құсбегілік

3 қыркүйекте құсбегілер бүркіт, қаршыға, ителгі ұшырды. Жарыс басталмастан бұрын құсбегілермен сөйлесіп, сайысқа дайындық туралы сұрадық. Бүркіт баптап отырғандардың айтуынша, бүркіт әдетте ет жейді, алайда сайыс алдында біраз ашықтыру қажет. Ал жаңбыр жауып тұрғаны құстардың ұшуына кесірін тигізбейді.

Қазақстандық құсбегілер басты қарсылас Қырғызстан екенін айтады. Себебі құс баптау екі елде де жақсы дамыған.

Сайыс нәтижесінде «Қаршыға» санатында Серікболсын Жалғасұлы «Жебе» атты құсымен алтын, «бүркіттен» Арман Қошқаров «Алғыр» қыранымен күміс, «ителгіден» Бақдәулет Бабажан «Ұшқыр» құсымен күміс, Ерлан Кенжетаев «Ақбалық» құсымен қола медаль алды.

Күрес

Күрес түрлерінен үшінші күні қазақстандықтар самбо мен қырғыз күресінен бақ сынасты. Самбодан Болат Сапар (+98 келі) алтын, Еркебұлан Нығметов (79 келі) пен Жандос Бейсенбаев (64 келі) қола жүлде иеленді.

Қырғыз күресінен +100 келі салмақта Алмас Жұмағали финалда қырғыз спортшысына есе жіберіп, күміс медаль алды.

Қол күрес

Қол күрестен (армрестлинг) ұлттық құрама мүшелері 7 алтын, 4 күміс, 1 қола алды. Олар: Айдархан Нұрдәулет (-90, оң қол, сол қол), Құттымұратов Медет (+90, оң қол, сол қол), Устинов Данил (-80, сол қол), Сыдықжан Малена (+65 келі, оң қол, сол қол) (оң қолдан бөлек, сол қолдан бөлек медаль жиынтығы бар).

4 қыркүйектегі сайыстар

4 қыркүйекте қазақстандық спортшылар 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады. Олар: көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамбарджи, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн, тазы жарысы.

Көкпардан топтық кезең Қырғызстан уақытымен сағат 9:00-де басталады. Қазақстан құрамасы Мажарстан құрамасымен ойнайды.

Көк бөріден Қазақстан мен Мажарстан сағат 17:10-да алаңға шығады.

Сондай-ақ оқыңыз