
Әлемге танымал әнші, Қазақстан мен Қырғызстан халық әртісі Димаш Құдайберген президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазыларымен түскен бірегей суреттерді жариялады, деп жазады Kursiv.Media.
Өнер иесі алғашқы суретте жылқыға мініп серуендеп қайтқанын жазды. Ал екінші кадрда президенттің Нэнси және Наурыз есімді тазылары бейнеленген.
Сондай-ақ әнші президент арнайы тазы сыйлағанын айтып, ерекше оқиғасын айтты:
«Бірінші суретте – бәріміз жақсы көретін тұлпар Ақжанның әкесімен бірге түскен сәтім. Мемлекет басшысының тұлпарымен серуендеп қайту мен үшін үлкен мәртебе болды.
Ал екінші суретте менің қасымда мемлекет басшысының Нэнси және Наурыз атты тазылары. Менің тазымен ерекше оқиғам бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы маған тазы сыйлаған болатын. Мен оған Ғарышкер деп ат қойдым», – деп жазды Димаш Құдайберген.
Әнші бірегей кадрларды түсіріп, бөлісуге мүмкіндік берген президент телерадиокешеніне де өз алғысын білдірді.
Бұған дейін, Димаш Құдайберген кеншілер күнінде Қарағандыдағы Костенко шахтасына барып, 700 метр тереңдіктегі жер астына түскен еді.