Қазақстан алғашқы атом электр станциясын жобалау бойынша келісімшартқа қол қойды

Жарияланды
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Ресейдің Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасында атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі Келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы жаңа кезеңге өтті. Осыған байланысты «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатомның» еншілес кәсіпорны «Атомстройэкспорт» АҚ арасында АЭС-ті жобалау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Құжатқа Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.

2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, енді тараптар қажетті рәсімдерді жүргізіп, Қазақстан Үкіметімен келісу жұмыстарын бастайды.

АЭС құрылысы елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба тұрақты электр энергиясын өндіруге, отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, атом энергетикасы саласындағы ұлттық мамандар мен өндірістерді дамытуға жол ашпақ.

Еске салсақ, Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталатынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент отырысында мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз