Қазақстанда мобильді байланыс қымбаттады: ең арзан тариф қанша тұрады

Жарияланды
Цифрлық даму министрлігі жаңа байланыс операторын ашу туралы мәлімдемесін түсіндірді
Фото: shuttertsock

Қазақстанда мобильді байланыс бағасы өсіп жатыр. 2026 жылғы шілдеде мобильді байланыс қызметтері бір жылда 7,6%-ға, ал қоңырау минуттары, интернет пен SMS кіретін тарифтік пакеттердің абоненттік төлемі 10%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Телекоммуникация нарығының ақшалай көлемі де өсіп келеді. 2020 жылы байланыс қызметтерінің көлемі 884,5 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында 1,5 трлн теңгеге жеткен. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында компаниялар 913,5 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға көп.

Алайда нарықтағы ақшалай өсім қызметтердің нақты көлемінің өсуінен жоғары болып отыр. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында қызметтердің нақты көлем индексі 104,3% болды. Яғни баға өсімін есептемегенде, көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 4,3%-ға ғана артқан.

Finprom.kz мәліметінше, 2024 жылы ұялы байланыс қызметтері бірден 27%-ға қымбаттаған. Бұл сол кезеңдегі жалпы инфляциядан үш есе жоғары. 2025 жылы баға тағы 7,1%-ға өсті.

2026 жылы операторлар тарифтерін де көтерді. Мәселен, Beeline кейбір архивтік тарифтердің абоненттік төлемін қаңтардан бастап арттырды. Tele2 шілдеде «Тиімді 3» тарифінің бағасын 4,4 мыңнан 5,2 мың теңгеге көтерді. Бұл ретте тарифке кіретін қызметтер көлемі де кеңейтілді.

Қазір операторлардың ең арзан тарифтерінің бағасы да бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, Activ-тің ең арзан сәйкес тарифі 5 мың теңге, Kcell-де 6 мың теңге, Altel-де 4,5 мың теңге, IZI-де 2,9 мың теңге. Beeline-да ең арзан пакет 8 мың теңге тұрады. Тарифтердің ішіндегі интернет пен қоңырау көлемі әртүрлі.

Қазақстандағы мобильді байланыс бағасы халықаралық деңгейден де жоғары болып отыр. Халықаралық электр байланысы одағының дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 140 минут қоңырау, 20 SMS және 5 ГБ интернет кіретін стандартты мобильді байланыс пакеті айына 11,8 доллар тұрған. Салыстыру үшін, Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 2,3 доллар, Қырғызстанда – 2,9 доллар, Тәжікстанда – 7,2 доллар.

2026 жылғы 28 маусымнан бастап байланыс операторлары қосымша ақылы қызметтерді абоненттің екі рет келісімін алғаннан кейін ғана қоса алады. Сондай-ақ пайдаланушылар жарнамалық және ақпараттық хабарламалардан бас тарта алады.

Сондай-ақ оқыңыз