Қор нарығында брокерлерге клиент үшін ең тиімді мәміле жасау талабы енгізіледі

Қазақстанда қор нарығындағы мәмілелердің ашықтығын арттыру және инвесторлардың мүддесін қорғау мақсатында жаңа талаптар енгізілмек. Бұл өзгерістер капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бағдарлама жобасын мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банк, нарық қатысушылары және сарапшылармен бірлесіп әзірлеген.
Жаңа ережелердің бірі – биржадан тыс нарықтағы мәмілелер туралы ақпаратты ашық көрсету. Мәміленің бағасы, көлемі, жасалған уақыты мен орны арнайы есеп беру жүйесі арқылы жарияланып отырады.
Өтімді бағалы қағаздар бойынша ақпарат мәміледен кейін көп ұзамай ашылса, ірі және блоктық мәмілелер туралы мәліметтер белгілі бір уақытқа кейінге шегеруге болады.
Сонымен қатар брокерлерге «ең жақсы орындау» қағидатын сақтау міндеті енгізіледі. Яғни брокер клиенттің тапсырмасын орындау кезінде тек бағасына емес, мәміленің жалпы тиімділігіне назар аударуы керек.
Бұл ретте бағалы қағаздың бағасы, комиссиялар мен басқа шығындар, қолжетімді көлем, мәмілені орындау мүмкіндігі мен мерзімі және есеп айырысудың сенімділігі ескеріледі.
Сондықтан ең төмен баға әрдайым клиент үшін ең тиімді нұсқа бола бермейді. Мысалы, төмен бағамен қажетті көлемді сатып алу мүмкін болмаса, брокер клиентке тиімдірек болатын басқа нұсқаны таңдауы мүмкін.
Брокерлер өздерінің «ең жақсы орындау» саясатын әзірлеп, онда мәмілелерді қандай өлшемдер бойынша және қай сауда алаңында орындайтынын көрсетуге тиіс. Бұл саясат нарықтағы жағдайға қарай қайта қаралып отырады.
Бағдарлама аясында биржалық және биржадан тыс нарықтағы мәмілелер туралы ақпаратты бір жүйеге біріктіру де жоспарланып отыр. Бұл инвесторларға бағалар мен сауда көлемін салыстыруды жеңілдетіп, қор нарығындағы ашықтықты арттырмақ.
Ал нарықта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) лицензиясы бар брокерлер, АХҚО-ның AFSA лицензиясы бар компаниялары және банк қосымшалары ішіндегі брокерлік сервистер жұмыс істейді.