Рақымбаевтың Шымкенттегі құрылыс компаниясы таза пайдаға шыға алмады

Жарияланды 3 Қыркүйек 2026 16:57

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Компания таза пайда алмады / Фото: shutterstock

Айдын Рақымбаевтың Шымкенттегі құрылыс компаниясы былтыр таза пайдаға шыға алмады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ontustik Construction компаниясының қаржы есебіне сәйкес, 2025 жылы қаржы түсімі 23 млрд теңгеден 5,1 млрд теңгеге дейін түсіп кеткен.

Құрылыс компаниясы былтыр түсімнің азаюы мен жоспардан тыс өзге де шығыстар салдарынан операциялық шығынға ұшырады.

Соған қарамастан, елеулі қаржы кірістердің (812,8 мың теңге) арқасында компания 2025 жылды 3,2 млн теңге шығынмен аяқтады. Салыстырар болсақ, бір жыл бұрын 1,75 млрд теңге таза пайда тапқан.

Активтердің жалпы баланстық құны 2024 жылғы 12,9 миллиард теңгеден 17 млрд теңгеге дейін өсті. Мұндай өсім негізінен шектеулі пайдаланылатын банк депозиттері мен аванстар есебінен қалыптасты.

Компанияның міндеттемелер құрылымында да елеулі өзгерістер орын алды. Қысқа мерзімді міндеттемелер 14,2 млрд теңгеге жетсе, оның басым бөлігін (13 млрд теңгеге жуық) тапсырыс берушілерден алынған алдын ала төлем – келісімшарттық міндеттемелер құрады. Ал жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы кредиторлық берешек 863 млн теңгеге дейін қысқарды.

Сонымен қатар, есепті кезеңде компания өз акционері («General Contractors Group» ЖШС) алдындағы міндеттемелерін орындап, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл ретте компанияның меншікті капиталы 2025 жылдың соңында 2,6 млрд көлемінде тұрақталды.

Компанияның тікелей қатысушысы (құрылтайшысы) – «General Contractors Group» жеке компаниясы, ал оның түпкілікті бақылаушы тарапы – Айдын Рақымбаев.

Айдын Рахымбаев бүгінде Forbes Kazakhstan тізімінде ең бай 10 қазақстандықтың қатарында. Оның байлығы шамамен 1,1 млрд доллар деп бағаланады. 

Сондай-ақ оқыңыз