«Табиғатты құртты»: лотос өсірген қыздардың әрекеті сынға қалды

Атырауда лотос алқабын өсірген қыздардың оқиғасы желідегі басты тақырыптардың біріне айналды. Бастапқыда көпшілікті сүйсіндіргенмен, аз уақыт өтпей жатып сынға қалды деп хабарлайды Kursiv.Media.
Экологтардың сөзінше, лотос Жайық өзеніне түскен соң тез көбейіп, жергілікті су өсімдіктерін ығыстыра бастауы мүмкін. Осының нәтижесінде экожүйе өзгереді. Лотос тығыз өскен сайын күн сәулесінің су астына өтуіне кедергі келтіріп, балықтар мен судағы басқа да тіршілік көздеріне қауіп төндіруі мүмкін.
Басқа өңірлерде лотосты бастапқыда сәндік мақсатта отырғызған жағдайлар болған. Алайда кейін ол тез таралып, проблемаға айналған көрінеді. Әрі оны жойып тастау да оңай емес. Тамыры су түбіндегі топырақта орналасқандықтан оның жойылуы мен таралуын бақылау үшін қомақты ресурс қажет болуы мүмкін.
Сондықтан кей желі қолданушылары қыздардың ата-анасын жауапқа тарту керек деген пікірлер де айтады.



Айта кетейік, атыраулық Шаттық Хами мен Айым Жанкелді есімді қыздар екі жыл ішінде Жайық өзеніне лотос алқабын өсірген. Аумағы кішігірім футбол алаңына ұқсайды. Дегенмен кей мамандар лотостардың нақты ботаникалық түрін анықтау үшін арнайы тексеру жүргізетінін айтқан еді.