Тоқаев төтенше жағдайлар министрін ауыстырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мұрат Мұханов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Шыңғыс Әріновтің орнына келді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалсын», – делінген президент жарлығында.
Мұрат Мұханов кім
Мұрат Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын және Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде бас маман болып бастаған. 2006–2014 жылдары департамент құрылымында түрлі қызметтер атқарды.
2014-2017 жылдары Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет бөлімінің, кейін басқармасының бастығы болды. 2017–2020 жылдары Маңғыстау облысы ТЖД бастығының орынбасары, ал 2020–2023 жылдары департамент бастығы қызметін атқарды.
2023-2024 жылдары ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды. 2024 жылғы сәуірден осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болды.
Ал экс-министр Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі қызметіне 2024 жылғы 6 ақпанда тағайындалған болатын. Осы уақытқа дейін министрлікті 2 жыл 7 айға жуық басқарды.
Мұның алдында Тоқаев Нұрлыбек Нәлібаевтті премьер-министрдің бірінші орынбасары, Жаслан Мәдиевті премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі етіп қайта тағайындады. Ал Серік Жұманғарин премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі қызметінде қалды.
Сондай-ақ президент жарлығымен ішкі істер және қорғаныс министрліктерінің басшылары да қайта тағайындалған еді.