Алматыда Энрике Иглесиастың концертінен кейін тегін шаттлдар ұйымдастырылады

5 қыркүйекте Орталық стадионда өтетін Энрике Иглесиастың концерті кезінде Алматыдағы қоғамдық көлік, метро да қалыпты режимде жұмыс істейді.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көрермендерге ыңғайлы болу үшін әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында концерт аяқталғаннан кейін 50 тегін шаттл ұйымдастырылады. Олар стадионның Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесі жағынан жолға шығады.
Шаттлдар әуежай, Орбита шағынауданы, Алматы-1 теміржол вокзалы, Райымбек-Алатау, Алматы Арена бағыттары бойынша қатынайды.
«Қосымша бағыттардың ұйымдастырылуы көрермендерге іс-шара аяқталғаннан кейін қаланың негізгі көлік тораптары мен аудандарына жылдам жетуге мүмкіндік береді. Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына Орталық стадионға бару және кері қайту бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылады», – делінген хабарламада.
Еске салайық, Энрике Иглесиастың Алматыдағы концерті 5 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді. Іс-шара сағат 20:00-де басталады.
3 қыркүйекте Астанада өткен концертте «Астана Арена» стадионына төрт нүктеден арнайы шаттл автобустар қатынаған еді.