Базалық лицензиясы бар банктердегі жеке тұлға депозиті 20 млн теңгеден аспауы тиіс

Әмбебап лицензия алмаған банктер жеке тұлғадан тек 20 млн теңгеге дейін депозит қабылдай алады. Бұл туралы Kursiv.Media Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Базалық лицензия алған банктер үшін жеке тұлғалардың депозиттері мен банк шоттарындағы қаражатына шектеу қойылды. Жаңа қаулыға сәйкес, бұл санаттағы қаржы ұйымдарының жиынтық активтері 500 млрд теңгеден, ал бір азаматтың депозиті мен шоттарындағы жалпы ақша көлемі 20 млн теңгеден аспауы тиіс.
Агенттік бекіткен тәртіпке сай, жеке тұлғалардың қаражатына келесідей лимиттер белгіленді:
- ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша 20 млн теңгеге;
- теңгедегі өзге де депозитер мен банк шоттарындағы ақшаны қосқанда 10 млн теңгеге;
- шетел валютасындағы депозиті мен шоттардағы қаражат бойынша 5 миллион теңгеге дейін шектеледі.
Маңыздысы, бұл талаптар клиенттің барлық ақшасының жиынтық көлеміне қолданылады. Яғни, бір азаматтың бір банкте бірнеше депозиті мен шоты болса да, олардың күнделікті жалпы қалдығы 20 млн теңгеден аспауы шарт.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұл қаулысы 2026 жылдың 13 қыркүйегінен бастап заңды күшіне енеді.
Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылдан бастап банк лицензиясының екі түрі: базалық және әмбебап түрлері енгізілген болатын. Олар рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеуші талаптардың деңгейі бойынша өзара ерекшеленеді.