«Долларды 550 теңгеден алғандар ұтылды»: бас банкир ақшасын қайда сақтайтынын айтты

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақшасын теңгедегі депозитте сақтайды. Бас банкирдің айтуынша, оның басқа валютадағы депозиті жоқ. Бұл туралы ол базалық мөлшерлеме шешіміне қатысты брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Mediа.
Бас банкир базалық мөлшерлеме төмендегенімен, халықтың теңгедегі депозитке деген сенімі азаймайды деген пікірде. Өйткені теңгеде сақталатын депозиттердің пайыздық сыйақысы жоғары.
Оның айтуынша, кезінде долларды 550 теңгеден сатып алған азаматтар қазір айтарлықтай қаржылық шығынға батқан. Бағам айырмашылығынан бөлек, олар ұлттық валютадағы тиімді депозиттер ұсынған жоғары кірісті де жіберіп алды.
Қазір халықтың депозитте жинаған ақшасы 30 трлн теңгеге жеткенімен, соның 5,9 трлн теңгесі ғана шетел валютасында жатыр. Сүлейменовтың айтуынша, елдегі депозиттердің долларлану деңгейі 19 пайызға төмендеп, тарихи ең төменгі межеге түсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш үш-төрт жыл бұрын 30-35 пайыз болса, бес-алты жыл бұрын 60 пайызға жеткен еді.
Банктердегі шетел валютасындағы жинақтар негізінен қалталы азаматтарға тиесілі. Олар өз активтерін әртүрлі бағытта ұстау үшін қаражатының бір бөлігін долларға ауыстырған. Ал 50 миллион теңгеге дейінгі салымы бар орташа статистикалық қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы қаражатын теңгемен сақтайды.
Себебі валюталық депозитке орналастырылған ақша жылына 1 пайыз төңірегінде ғана өсім берсе, теңгелдегі салымдардың жылдық мөлшерлемесі 18-19 пайызды құрады. Сондай-ақ жыл басынан бері ұлттық валюта бағамы АҚШ долларына шаққанда 10 пайызға жуық нығайды.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, қазақстандықтардың салымы 5 ірі банкте шоғырланған. Өткен айларда ақшасын шешіп алмай, керісінше үстіне қаржы қосып отыруға дайын салымшылар үшін банктер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ-ді) 20%-ға дейін көтерген.