Көкжөтелмен ауырған балалардың 90%-дан астамы екпе алмаған

Жарияланды 4 Қыркүйек 2026 11:26

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Олеся Бассарова

Олеся Бассарова

General News бөлімінің тілшісі
коклюш
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жыл басынан бері Қазақстанда көкжөтел жұқтырудың 250 жағдайы анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқастардың 90%-дан астамы – жоспарлы екпе алмаған бес жасқа дейінгі балалар.

Министрлік мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері республикада көкжөтелмен сырқаттану деңгейі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға төмендеген. Ведомство бұл көрсеткішке балаларды жоспарлы және қосымша вакцинациялау арқылы қол жеткізілгенін атап өтті.

Ауырғандардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар

Жыл басынан бері көкжөтел анықталған 250 адамның 91%-ы жоспарлы вакцинациядан өтпеген балалар.

Ал жалпы осы кезеңде көкжөтелге қарсы вакцина 360 мыңнан астам балаға салынған. Оның ішінде 102 мың бала 12 айға дейін, 91 мыңнан астамы бір жасында, ал 167 мыңнан астамы алты жасында екпе алған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакцина алған балалар арасында кері реакция жағдайлары тіркелмеген.

Сонымен қатар екпені уақытында алмаған балалар мен жасөспірімдерге қосымша вакцинация жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 107,5 мың бала мен жасөспірім қосымша вакцина алған.

Министрлік көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация екенін еске салды. Вакцина балаларды аурудың ауыр түрде өтуінен қорғауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны көбейіп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда 16 есе өскен. Ауырғандардың басым көпшілігі – екпе алмаған балалар. Дәрігерлер екпе алмағандықтан жұқпалы ауру жылдам тарап жатқанын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз