Мүгедектігі бар азаматтарға қандай әлеуметтік төлемдер беріледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда 544 мыңнан астам адам мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады. Азаматтарға төленетін сома мүгедектік тобына қарай белгіленеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік аударымдары болған немесе мүгедектігі еңбек жағдайына байланысты белгіленген азаматтарға қосымша төлемдер қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жәрдемақы мөлшері қанша

2026 жылы мүгедектік белгіленген азаматтарға ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мынадай мөлшерде төленеді:

  • I топ – 111 873 теңге;
  • II топ – 89 498 теңге;
  • III топ – 61 022 теңге.

Бұл – мүгедектігі бар азаматтарға берілетін негізгі мемлекеттік қолдау түрі.

Қосымша әлеуметтік төлем берілуі мүмкін

Егер азамат үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса, оған еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем де тағайындалуы мүмкін.

Оның мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс көлемі, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.

Еңбек жарақатына байланысты төлемдер

Ал мүгедектік еңбек қызметі кезінде болған жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру салдарынан белгіленсе, жұмысшыларға сақтандыру төлемдері қарастырылған.

Осылайша, азаматтың жағдайына қарай мемлекеттік жәрдемақыға қосымша әлеуметтік немесе сақтандыру төлемдері тағайындалуы мүмкін. Бұл қолдау шаралары бір-бірін толықтырады.

Еске салайық, Қазақстанда 2027 жылы АЕК, зейнетақы мен күнкөріс минимумы 8,5% өсуі мүмкін. Алайда ең төменгі жалақы тағы да 85 мың теңге деңгейінде қалмақ. 

Сондай-ақ оқыңыз