Тимур Сүлейменов: Базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік аз

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бар ма / Фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі

Ұлттық банк биыл базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетпеуі мүмкін. Бас банкир Тимур Сүлейменов бұл бағыттағы мүмкіндік шектеулі екенін ашық айтты.

Қазір тәуекелдің таразы басы инфляцияның өсу жағына ауып тұр. Ішкі сұраныс артып, қаржылық ынталандыру күшейе түскен. Инфляциялық күтулер де әлі тұрақтала қойған жоқ.

Оның үстіне жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы қысымды үдетіп отыр. Сыртқы қатерлер де аз емес. Геосаяси ахуалдың шиеленісуі әлемдегі азық-түлік пен энергия ресурстарының құнын өсіруге ықпал етеді.

«Ресейде инфляция орнықты күйде сақталуда. Отын нарығындағы іркілістер аясында проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Негізгі мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, биылғы шілдеде Ресей Банкінің риторикасы қатаңдады. ЕО-да инфляция негізінен энергия көздері бағасының өсуі есебінен біршама қарқын алды,»- дейді Сүлейменов.

Сүлейменовтың айтуынша, базалық мөлшерлемені белгілеуде комитет үш түрлі сценарийді саралаған: деңгейді өзгеріссіз қалдыру, оны 0,25 пайыздық тармаққа немесе 0,5 пайыздық тармаққа төмендету.

Сарапшыларға сауалнама жүргізген кезде тамыз айындағы инфляция көрсеткіштері әлі белгісіз еді. Соған қарамастан, комитет мүшелерінің басым бөлігі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуді қолдаған.

Шешім қабылдау сәтінде тамыз айындағы инфляцияның 9,8 пайыз болғаны анықталды. Осы ресми статистикадан кейін Комитет мөлшерлемені бірден 0,5 пайыздық тармаққа төмендету туралы тоқтамға келіпті.

Ұлттық банк 4 қыркүйекте базалық мөлшерлемені үшінші рет төмендетті. Бұл жолы бас банк негізгі көрсеткішті бірде 50,0 базистік тармаққа азайтып, 16,25% деңгейінде бекітті.

Сондай-ақ оқыңыз