Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетті

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені кезекі рет төмендетті / Фото: Серижан Ковланбаев

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 16,75 пайыздан 16,25 пайызға дейін төмендетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Базалық мөлшерлемені төмендетуге елдегі инфляция деңгейінің баяулауы мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер себеп болған. Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады.

Дегенмен ҰБ биылғы инфляция болжамын өзгертіп отырған жоқ. Тек 2027 жылғы болжам нашарлаған.

«Инфляцияның 2026 жылға болжамы өзгерген жоқ: ол 9-11% аралығында болады деп күтіледі. Баға өсімінің баяулауына ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің нық айырбастау бағамы ықпал етеді. Қосымша тежеуші әсерді 2026 жылғы қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі қамтамасыз етеді. 2027 жылға жасалған болжам 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді (бұған дейін 5,5-7,5% болған), бұл сыртқы инфляцияның өсуіне, реттелетін бағалар алғышартының қайта қаралуына, сондай-ақ фискалдық серпіннің ұлғаюына негізделген», – делінген хабарлама.

Алдағы шешімдер де инфляция бойынша түсетін деректерге, оның болжамды траекторияға сәйкес келуіне, ішкі сұраныстың, инфляциялық күтулер мен реттелетін бағалардың динамикасына қарай қабылданады. Бас банк 2028 жылы инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуге ниетті.

Бұған дейін арық өкілдері мен сарапшылар бас банк ақша-несие саясатын сәл жұмсартып, базалық мөлшерлемені төмендетеді деген болжам жасаған.

Экономист Руслан Сұлтанов бас реттеуші базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін десе, Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан нарық өкілдерінің басым бөлігі негізгі көрсеткіш 16,5%-ға дейін түседі деген болжам жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз