«Ұмай» бағдарламасына бір күнде 855 әйел өтінім берген

«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталған алғашқы күні 855 әйел өтініш берген. Бұл туралы «Отбасы банктің» баспасөз қызметі мәлімдеді.
31 тамыз күні «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталған. Барлық өтінім берушіге алдын ала несие мақұлданды. Сұралған қарыздың орташа сомасы 23,4 млн теңгені құрады.
Бағдарламаға қатысушылардың жасы 18 бен 63 жас аралығында болды. Қатысушылардың орташа жасы – 39 жас.
Алғашқы өтінімді Астананың 29 жастағы тарих пәнінің мұғалімі берді. Оған 21 млн теңге көлемінде алдын ала несие мақұлданды.
Айта кетейік, «Ұмай» бағдарламасы аясында әйелдерге тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген шарттармен мүмкіндік беріледі.
«Қарыз алушының депозитінде қажетті жинақ сомасы қалыптасқаннан кейін, тұрғын үй қарызына ауысып, ай сайынғы төлемді айтарлықтай төмендетуге болады», – делінген хабарламада.
Бағдарламаны қаржыландыруға қажетті қаражатты Азия даму банкі ұсынды. Алғашқы транш көлемі – 9 млрд теңге. Өтінімдерге деген жоғары сұранысты ескере отырып, «Отбасы банк» Азия даму банкіне екінші траншты мерзімінен бұрын бөлу туралы өтініш білдірді.
Сонымен бірге «Отбасы банк» «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдаудың келесі уақыты туралы хабарлайтынын айтты.
Оқи отырыңыз: «Ұмай» бағдарламасымен алған пәтерді жалға беруге бола ма