Зиянды заттар көлемі көп: Қазақстанның 11 қаласында ауа сапасы нашарлайды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
11 қалада ауа сапасы нашарлайды / Фото: shutterstock

Қазақстанда күздің алғашқы күндерінде-ақ ауа райының қолайсыздығы салдарынан экологиялық жағдай нашарлай түсті. «Казгидромет» синоптиктері елдің 11 қаласында ауа сапасы нашарлайды деп, ескерту жариялады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Теміртау қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғарылайды. Сонымен қатар түнде Атырау, Қостанай, Өскемен және Семей шаһарларында да ауадағы зиянды заттардың көлемі артуы мүмкін.

Ауа сапасының нашарлауына, ең алдымен, қолайсыз ауа райы себеп болып отыр. Тымық ауа, баяу жел, қалың тұман немесе температуралық инверсия салдарынан атмосферадағы қалдықтар жерге жақын қабаттарда жиналып қалады. Соның кесірінен қала тұрғындары дем алатын ауа құрамындағы зиянды заттардың мөлшері бірден еселеп артады.

Денсаулыққа келетін зиянды азайту үшін мамандар тұрғындарға көлігі көп ірі тасжол маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Далада ұзақ серуендеу, қарқынды жаттығулар мен ауыр физикалық жұмыстарды кейінге қалдыра тұрған абзал.

Әсіресе кішкентай балалар, жүкті әйелдер, қарт кісілер және жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтар ерекше сақтық танытуы қажет. Тыныс алу жолдары созылмалы дертке шалдыққан тұрғындар үшін де мұндай күндерде далада ұзақ болу қауіпті.

Бұған дейін синоптиктер 5 қыркүйекте елдің басым бөлігінде күн жылы болады деген болжам жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз