Жанартау атқылап, Индонезияның басты әуежайында рейстер тоқтатылды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің аға журналисі
фото: ашық дерек көздерінен

Жанартаудың атқылауы Индонезияның басты халықаралық әуежайында жүздеген рейстің тоқтатылуына себеп болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

ВВС ақпаратына қарағанда, ондаған мың жолаушы әуежайда қалып қойды.

Билік өкілдерінің мәліметінше, жексенбі, 6 кыркүйек күні таңертең Джакартадағы Сукарно-Хатта халықаралық әуежайы маңындағы әуе кеңістігінен Анак-Кракатау жанартауының күлі анықталғаннан кейін 209 рейс тоқтатылған.

Жанартау 5 қыркүйекте кешке атқылай бастаған. Оның салдарынан айналадағы өңірлерде сейсмикалық белсенділік үздіксіз тіркеліп, лава атқылаған және қатты дыбыстар естілген. Билік өкілдерінің мәліметінше, жексенбі күні таңертең тағы екі рет атқылау болған.

Рейстердің тоқтатылуынан 22 мыңнан астам адам зардап шекті. Рейстерді тоқтату шарасы сағат 13:30-ға дейін (GMT бойынша 06:30) ұзартылды.

Билік өкілдері Ява мен Суматра аралдарының арасындағы Зонд бұғазында орналасқан жанартаудың соңғы белсенділігіне байланысты цунами қаупі туралы ескерту жасалмағанын растады.

Денсаулық сақтау министрі зардап шеккен аудандардың тұрғындарын үйлерінен шықпауға және тыныс алу жолдарын, көз бен теріні түрлі аурулардан қорғау үшін қорғаныш маскаларын тағуға шақырды.

Былтыр 15 қазанда Индонезияда Левотоби Лаки-лаки жанартауы атқылады. Одан шыққан қою қара түтін шамамен 10 шақырым биікке көтерілді.

Сондай-ақ оқыңыз