Әйгілі қоқиқаздардың мекенін сақтау үшін Қорғалжын көлдеріне су жіберілді

Қазақстанға әйгілі қоқиқаздардың мекенін сақтау үшін Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіне 40 млн текше метр су жіберілді. Су жіберу жұмыстары көлдер жүйесінің су теңгерімін сақтап, қоқиқаздар мен басқа да құстардың табиғи мекенін қорғауға бағытталған.
Қоқиқаздардың мекеніне су жеткізілді

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан. Бұл өңір қоқиқаздар мен басқа да су құстарының негізгі мекендерінің бірі саналады.
Су жіберу жұмыстары жергілікті экожүйені қолдауға бағытталған. Жұмыс барысында «Қазсушар» мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік атқарып, судың өтуін тұрақты бақылауда ұстады.
Экологиялық ағын ұғымы енгізілді
Су нысандарын қорғау мақсатында былтыр қабылданған жаңа Су кодексіне алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажет судың ең төменгі деңгейін білдіреді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етумен қатар, министрліктің маңызды бағыттарының бірі.
«Су үнемдеу технологиялары мен заманауи су есептеу құралдарын енгізу экономика мен қоршаған ортаның қажеттіліктері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Еске салайық, Қазақстанда Каспий итбалығы мен қызғылт қоқиқаздар сынды табиғаттың әралуан флорасы мен фаунасын қорғайтын экологиялық ұйым ашылуы мүмкін.