
Қант диабеті анықталмай тұрып-ақ, адамның есте сақтау қабілеті нашарлай бастауы мүмкін. Невроздар мен альцгеймер ауруын емдеу орталығының жетекшісі Жібек Жолдасованың айтуынша, инсулинге төзімділік есте сақтау қабілетінің төмендеуіне әсер етеді.
«Инсулинге төзімділік – ағза жасушаларының инсулиннің әсеріне жауап бермейтін жағдайы. Қарапайым тілмен айтқанда, инсулин глюкоза молекуласының жасуша ішіне өтуіне көмектесіп, оны энергия көзіне айналдыруы керек. Ал инсулинге төзімділік кезінде глюкоза қанда жиналып қалады да, жасушаның ішіне өте алмайды. Сондықтан қант диабетінің дамуы оңайлайды», – деп жазды дәрігер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, инсулинге төзімділік қалыптасқан кезеңнің өзінде ми жұмысы нашарлай бастайтыны дәлелденген. Әсіресе мидың маңдай бөлігіндегі ұсақ қан тамырлары зардап шегіп, адамның есте сақтау қабілеті біртіндеп төмендейді.
«Инсулинге төзімділік көбіне метаболикалық синдроммен (семіздік), қимыл-қозғалысы аз өмір салтымен және құрамында көмірсуы көп, жоғары калориялы тағамдарды, яғни ұннан жасалған өнімдер мен тәттіні шамадан тыс тұтынумен қатар жүреді», – дейді дәрігер.
Жолдасова қант диабетінің дамуын күтудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, диабетке әкелетін өзгерістердің өзі ми жұмысына әсер ете бастауы мүмкін.
«Демек, спортзалға барып, дұрыс тамақтана бастасақ және артық салмақтан арылсақ, деменциядан қорғануға көмектесеміз», – деп атап өтті ол.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда онкология, диабет, жүрек ауруларына арналған 500-ге жуық дәрі шығарылады.