Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін министр Ербол Мырзабосынов пікір білдірді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: instagram

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арнайы пікір білдіріп, дүбірлі доданың нәтижелері мен маңызына тоқталды. Министрдің айтуынша, бұл ауқымды шара – бауырлас халықтарды ортақ тарихы, дәстүрі мен ұлттық спорты арқылы қайта жақындастырған ерекше халықаралық платформа болды.

Ойындар қорытындысы бойынша Ербол Мырзабосынов Қырғыз Республикасы министрлер кабинетіне қарасты мемлекеттік дене шынықтыру және спорт агенттігінің директоры Урмат Асанбаевпен кездесіп, бірлескен жұмыстарды саралады.

Кездесу барысында министр қырғыз әріптесіне ерекше құрмет көрсетіп, көшпенділердің бай мұрасы мен ортақ дәстүрінің символы ретінде арнайы садақ сыйға тартты.

«Қазақ пен қырғыз – тарихы тамырлас, рухы бір, салт-дәстүрі сабақтас бауырлас халықтар. Осындай халықаралық жарыстар екі елдің спортшылары мен спорт саласының мамандарын жақындастырып, достық байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Сондай-ақ ведомство басшысы Қырғызстанда өткен доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, қырғыз ағайындарға көрсеткен қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бірінші орынды кім алғаны сол күйі белгісіз болып қалды. Дау туындағаннан кейін қырғыз тарапы ресми медальдар есебі жүргізілмейтінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз