Көшпенділер ойындарындағы дау: Қырғызстан Қазақстанды жеңімпаз деп таныды

Қырғызстан тарапы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медаль есебінде Қазақстан бірінші орын алғанын мәлімдеді. Ел президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов ұйымдастыру комитеті Қазақстан спортшыларының медальдарын қайта есептегеннен кейін осындай шешім қабылдағанын айтты.
Алагөзовтің сөзінше, ойындар жоғары деңгейде өтіп, спорттық бәсекелер достық жағдайда аяқталған. Оның айтуынша, әсіресе көк бөрі мен жер улақ жарыстарында Қырғызстан және Қазақстан құрамалары тартысты өнер көрсеткен.
«Командалық есептегі жалғыз техникалық сәйкессіздік медальдарды санау кезінде туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медальдарын бөлек санау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!», – деп жазды Аскат Алагөзов.
Ол сондай-ақ екі елдің спортшылары мен жанкүйерлері арасындағы өзара құрметке тоқталды. Баспасөз хатшысы жарыстар барысында жанкүйерлер арасында да ешқандай түсініспеушілік болмағанын айтып, спортшылар мен көрермендерге алғыс білдірді.
Алагөзов Қырғызстан спортшыларының да ойындарда лайықты өнер көрсеткенін атап өтті.
«Медальдар есебі – спорттың бір ғана құрамдас бөлігі. Ал бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара құрмет пен адал бәсеке рухында өткізе алғанымызда. Біз бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алдық», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі бұған дейін ел құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола алғанын хабарлаған. Министрліктің есебінде Қазақстан бірінші орынға, Қырғызстан 30 алтын медальмен екінші орынға жайғасқан.