Мүлік салығын төлемес бұрын нені тексеру керек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Shutterstock

1 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға мүлік салығының сомасы туралы PUSH-хабарлама жіберіліп жатыр. Хабарлама банк қосымшаларында пайда болады.

Маңыздысы, бұл айыппұл емес және салықты дереу төлеуді талап етпейді. Хабарламада азаматтың мүлкі үшін қанша салық төлеуі қажет екені ғана көрсетіледі. Десе де салықты 1 қазаннан кешіктірмей төлеу керек.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, мұндай тәсіл азаматтарға салық төлеу мерзімін жіберіп алмауға мүмкіндік береді. Бұған дейін кейбір азаматтар салық бойынша берешегі бар екенін төлеу мерзімі өтіп кеткеннен кейін ғана білген. Енді қажетті ақпаратты банк қосымшасынан алдын ала көруге болады.

Хабарлама қашан келеді

PUSH-хабарламалар барлық азаматқа бір уақытта жіберілмейді. Олар үш кезең бойынша таратылады:

  • 1 қыркүйекте – еліміз бойынша 1 млн-ға дейін салық төлеуші хабарлама алады;
  • 4 қыркүйекте – 2 млн-ға дейін азаматқа хабарлама жіберіледі;
  • 7 қыркүйекте – жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің қалған иелеріне хабарлама келеді.

Сондықтан 1 қыркүйекте хабарлама келмесе, алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл міндетті түрде қате кеткенін білдірмейді. Азамат хабарламаны келесі кезеңдердің бірінде алуы мүмкін.

PUSH-хабарлама алғаннан кейін не істеу керек

PUSH-хабарлама келген бойда салықты төлеуге асықпаған жөн. Алдымен хабарламадағы мәліметтердің дұрыстығын тексеру қажет. Мүлік иесі, нысан және салық сомасы дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізген жөн.

Қателік анықталса, даулы соманы төлеудің қажеті жоқ. Мүлік орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер органына жүгініп, қателікті растайтын құжаттарды ұсыну керек. Кейін салық төлеушінің жеке кабинетінен мәліметтердің түзетілгенін тексерген жөн.

Егер барлық ақпарат дұрыс болса, салықты банк қосымшасы, eGov.kz немесе e-Salyq Azamat арқылы төлеуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз