Мұнай бағасы 100 долларға жақындады

Жарияланды 7 Қыркүйек 2026 09:43

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Мұнай бағасы өсті / фото: CBNC

Әлемдік нарықта мұнай қымбаттап, Brent маркалы шикізаттың бағасы барреліне 100 долларға жақындады. 7 қыркүйектегі саудада оның құны 0,8%-ға өсіп, 97 доллардан асты. Ал америкалық WTI мұнайы шамамен 92,3 доллардан сатылып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бағаның көтерілуіне АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың қайта шиеленісуі әсер етті. Демалыс күндері тараптар Ормұз бұғазы маңындағы мұнай танкерлері мен әскери кемелерге соққы жасады. Соның салдарынан әлемдік мұнай тасымалының маңызды бағыты саналатын бұғаз арқылы өтетін танкерлер саны мамырдан бергі ең төменгі деңгейге түсті.

Brent мұнай бағасы онлайн

Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.

Нарық қатысушылары Таяу Шығыстан мұнай жеткізу одан әрі қысқаруы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Иранның Ормұз бұғазы маңында қозғалысы шектелетін арнайы аймақ құру жоспары да бағаға қысым түсірді.

Reuters ОПЕК+ елдері әзірге қазан айына арналған мұнай өндіру саясатын өзгертпеді деп отыр. Сарапшылар аймақтағы жағдай ушыға берсе, Brent бағасы қайтадан 100 доллардан асуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Қазақстан үшін мұнайдың қымбаттауы экспорттық және бюджет кірістерінің өсуіне оң әсер етуі мүмкін. Алайда жоғары баға әлемдік инфляцияны күшейтіп, жанармай мен тасымал құнының қымбаттауына алып келуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз