Төрт ұлдан кейін туған: Алматыда 2 келі ісікпен дүниеге келген сәби аман қалды

Алматыда дәрігерлер өмірге келгеніне бір күн ғана болған нәрестеге күрделі ота жасап, салмағы 2 келі болатын үлкен ісікті алып тастады. Ісіктің салмағы қыз баланың өз салмағының жартысына жуық болған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Салмағы 4 келіден асатын қыз бала 34-аптада кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Дәрігерлер жүктіліктің 20-аптасында-ақ оның сегізкөз-құйымшақ тұсында тератома бар екенін анықтаған. Нәресте туғаннан кейін бірнеше сағат ішінде Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді.
Келесі күні хирургтер екі сағаттан астам уақыт операция жасап, ісікті толық алып тастады. Отадан кейін бірден пластикалық қалпына келтіру жүргізілді.
«Ісіктің салмағы екі келі болды. Яғни ол нәрестенің өз салмағымен шамалас. Түзілістің құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыстар болды. Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі. Ота сәтті өтті, қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шығуға дайындалып жатыр», – деді орталық бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Тератома жүктіліктің ерте кезеңінде қалыптасып, ана құрсағында нәрестемен бірге өсуі мүмкін. Бұл қыздың бойындағы түзіліс жүктіліктің 20-аптасында скрининг кезінде анықталған. Дәрігерлер ана мен баланың жағдайын жүктілік бойы бақылауда ұстаған.
Нәрестенің анасы Аяжан төрт ұлдан кейін көптен күткен қызы екенін айтты. Ол дәрігерлерге баласының өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдірді.
Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 сәби жеткізілген. Оның 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.