Астанада 2035 жылға дейін көпқабатты тұрғын үй салуға шектеу қойылды

Астананың шеткі аумақтарында көппәтерлі тұрғын үй салуға және жер учаскелерін беруге 2035 жылға дейін уақытша шектеу енгізілді. Бұл талап қажетті жоспарлау құжаттары, магистральдық инженерлік желілері мен әлеуметтік инфрақұрылымы жоқ аумақтарға қатысты, деп хабарлайды Kursiv Media.
Қала билігінің мәліметінше, мұндай шешім Астананы Бас жоспарға сәйкес кешенді дамыту мақсатында қабылданған. Мұндай шектеулер К-1 айналма жолының солтүстік бөлігі, Өндіріс тасжолы бойы, К-1 айналма жолының солтүстік-шығыс бөлігі, Алаш тасжолы бойы, Астана-Қарағанды тасжолы бойындағы айналма жолдың шығыс бөлігін қамтиды.
Сонымен қатар автомобиль жолдарының бөлінген белдеулерінде күрделі құрылыс нысандарын орналастыруға да тыйым салынды.
Әкімдік бұл шешім аталған аумақтардың дамуын тоқтатпайтынын атап өтті. Негізгі мақсат – ретсіз және нүктелік құрылысқа жол бермей, аумақтарды жоспарлы түрде дамыту және оларды қажетті инфрақұрылыммен алдын ала қамтамасыз ету.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан экономикасы құрылыс саласының есебінен өсіп жатыр