Моңғолиядан Мароккоға дейін: көшпелі халықтан әлем не үйрене алады

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Ойындарды тамашалауға алыс-жақын шетелден мыңдаған адам келді. Арасында канадалық зерттеуші, коуч Кевин Коттам да бар. KursivMedia тілшісі көшпелі мәдениет туралы кітап жазған зерттеушімен Қырғызстанның Қыршын шатқалында әңгімелесіп, өзі саяхаттаған елдердегі көпшелі мәдениеттің арасында қандай айырмашылық барын сұрады.
Бір кітаптың тарихы
Кевин Коттам «The Nomadic mindest: never settle…for too long» деген кітап жазған. Қазақ тіліне «Көшпелілер салты: үнемі қозғалыста жүр» деп аударылады.
«Көшпелі мәдениет туралы кітап жазуым бір сұрақтан басталды. Әлемде саясат, экономика, климатқа қатысты түрлі жағдай болып жатыр. Осы кезде өзіме көшпелі мәдениеттен не үйрене аламыз? Сәт сайын өзгеріп жатқан әлемде жақсы көшбасшы болу үшін көшпелі халықтан нені бойымызға сіңіре аламыз? деген сұрақ қойдым», – дейді Кевин.
Содан кейін көшбасшы болуды үйрететін коуч көшпелі мәдениетті көшбасшылыққа деген көзқараспен байланыстыра бастаған.
«Адамдар «көшпенді» деген сөзді естігенде, көбінесе бір жерден екінші жерге физикалық тұрғыда көшіп-қонып, жаңа жайылым мен ресурс іздеп, ру-тайпасымен бірге қоныс аударып жүретін адамдарды елестетеді. Моңғолияда жүргенде бір әйелден: «Көшпенді сөзінің шынайы мағынасы қандай?» деп сұрадым. Ол: «Бұл – ойдың қозғалысы» деп жауап берді. Бір ауыз сөз көшпенді мәдениетке мүлде басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді», – дейді Кевин Коттам.

Көшпелілік – тек физикалық тұрғыдан бір жерден екінші жерге көшу ғана емес, бізді қоршаған барлық дүниенің қозғалысы. Яғни, қозғалысты біртұтас жүйенің бір бөлігі ретінде қабылдай білу.
«Қазір Батыс әлемінде мұны ұмытып кеттік. Біз қозғалысты осындай тұтас құбылыс ретінде қабылдай бермейміз», – дейді ол.
Көшпелі халықтан нені үйренуге болады?
Кевин Коттамның сөзінше, көшпелі халықтан икемді болу, тез бейімделу, қарым-қатынас орнатуға ашық болу, жаңа нәрсені тануға деген құштарлықты үйренуге болады.
«Көшпелі халықтардың өте ізденімпаз екенін байқадым. Меніңше, қазір адамдарда осы қасиет жетіспейді. Айналамызда сәт сайын алдын ала болжау мүмкін емес жағдайлар болып жатыр. Көшпелі халық бұған басқаларға қарағанда жақсырақ дайын секілді көрінеді.
Батыс өзгерістерді ауқымды мәселеге айналдырып жібереді. Өзгерісті өте ауыр қабылдап, соған алаңдап жатады. Жағдайға көшпелі ойлау тұрғысынан қарайтын болсақ, өзгеріс өмірдің бір бөлігі екенін түсінеміз», – дейді ол.
Канадалық коуч мұндай тұжырымға Моңғолия, Кения, Намибия, Мароккоға жасаған сапарынан түйген.
«The Nomadic mindest: never settle…for too long» еңбегінде өзі барған елдерді де салыстырған.

Кітабында көшпелі өмір салты әлі де сақталғанын, алайда замануи технологиялар және экономикалық жағдай әсерінен біртіндеп өзгеріп келе жатқанын жазған.
Мәселен, Моңғолияда көшпелілер технологияларды белсенді қолданады – ұялы телефондар, күн панелі, автокөліктер, тоңазытқыштар бар.
Кениядағы масаилар (Шығыс Африкадағы мәдениетін сақтап қалған жартылай көшпелі халық) да заманауи өмірге бейімделіп келеді. Алайда олардың өмір сүру деңгейі төменірек және жерлерінен айырылу, сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігі сияқты мәселелерге тап болған.
Мароккодағы көшпелілерге қауіпсіздік мәселелері кедергі келтіреді. Салдарынан олар еркін қозғала алмай келеді. Енді Кевин Коттам Орталық Азия елдеріндегі көшпелі мәдениетті тереңірек зерттеп жүр.
Көшпенділер ойындары
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әр екі жыл сайын өткізіледі. 2024 жылы ойындар Астанада өтсе, 2026 жылы Қырғызстан ұйымдастырды. Биылғы ойынға әлемнің 100-ден аса елінен үш мыңға тарта спортшы қатысты. Ішінде көкпар, аударыспақ, садақ ату, құсбегілік, саятшылық, теңге ілу, бәйге секілді ұлттық ойындар бар.
Енді келесі ойындар 2028 жылы Татарстанда өтеді.