Қазақстан банктері тамызда рекордтық көлемде доллар сатып алған

Қазақстан банктері тамыз айында биржадан тыс нарықта 38,6 млрд доллар сатып алды. Бұл шілде айындағы көрсеткіштен 13%-ға жоғары және кемінде 2015 жылдан бергі ең жоғары деңгей, деп хабарлайды Kursiv Media.
Сатып алынған валютаның теңгедегі көлемі орташа өлшенген бағам бойынша шамамен 17,8 трлн теңгені құрады. Мәмілелердің негізгі бөлігі шетелдік банктерге тиесілі. Олардың үлесі жалпы сатып алу көлемінің 86%-ына тең.
Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, биржадан тыс нарықтағы доллар сатып алу көлемі соңғы 11 ай бойы жоғары деңгейде қалып отыр. Осы кезеңде ай сайынғы көрсеткіш 30 млрд доллардан асып отырған.
Тек 2026 жылғы мамырда бұл көлем 23,9 млрд долларға дейін төмендеген. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында, яғни валюталық операциялар көлемі айтарлықтай өсе қоймаған кезеңде, биржадан тыс нарықтағы доллар сатып алу көлемі 10 млрд долларға да жетпеген.
Тамызда банктердің доллар сатуы да жоғары деңгейде қалыптасты. Биржадан тыс нарықта 38,4 млрд доллар сатылған. Бұл шілдемен салыстырғанда 11%-ға көп. Оның да шамамен 86%-ын шетелдік банктер қамтамасыз етті.
Тағы да оқыңыз: Базалық лицензиясы бар банктердегі жеке тұлға депозиті 20 млн теңгеден аспауы тиіс.