Қазақстанда мұнай саласында кадр даярлау жүйесі қайта қаралады

Еліміздегі жұмыс істеп тұрған үш зауытты кеңейту мақсатында олардың жиынтық өңдеу қуаты жылына 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ал жылдық қуаты 10 млн тонна болатын жаңа зауыттың құрылысын ескергенде, жалпы өңдеу көлемі шамамен 39 млн тоннаға жетеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Қазақстанның энергетика саласында қазір 360-тан астам ұйым жұмыс істейтінін айтты.
«Салада энергия өндіру, беру және бөлу бағыттарында шамамен 100 мың адам еңбек етеді. Кадр қажеттілігі мұнай өңдеу саласында да арта түспек. Себебі өндірістік қуаттың мұндай өсуі білікті жұмысшылар санының бірнеше есе артуын талап етеді. Осыған байланысты саладағы кадр даярлау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр энергетикасы бойынша кәсіби біліктіліктердің салалық кеңесі құрылып, кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту қолға алынған. 2025 жылы энергетика саласында 27 кәсіби стандарт жаңартылып, 4 жаңа стандарт бекітілді. Биыл «Энергетикада цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» кәсіби стандарты қабылданды», – деді Ақкенженов.
Мұнай-газ саласында да мамандарды даярлауға қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. 2026 жылы NCOC компаниясы әзірлеген 147 мамандық карточкасының жобасы таныстырылды.
Министр атағандай, ірі жобалар аясында шетелдік мамандарды кезең-кезеңімен қазақстандық кадрлармен алмастыру бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін қазақстандық мамандардың кадрлық резервін алдын ала қалыптастырып, оларды оқыту көзделген.
«Жер қойнауын пайдаланушы өндіруші компаниялар келісімшарттық міндеттемелері аясында қазақстандық кадрларды даярлауға өндіріс көлемінің 1%-ын бағыттайды. 2023–2025 жылдары осы мақсатқа бөлінген қаржының жалпы көлемі шамамен 62,7 млрд теңгені құрады», – деді Ақкенженов.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан биыл 15,49 млн тонна мұнай өнімін өндірмек