Қазақстандағы ең ірі 50 интернет-платформа (инфографика)

Қазақстандағы интернет-сауда нарығында кімнің үлесі басым? Forbes Kazakhstan жариялаған деректер негізінде Kursiv Media елдегі ең ірі 50 интернет-платформаның көрсеткішін бір инфографикаға жинады. Рейтингте Kaspi Магазин өзгелерден айтарлықтай алда – оның 2025 жылғы онлайн-түсімі 4,74 млрд долларға жеткен.
Kaspi Магазин айқын алда
Рейтингтің алғашқы екі орнын Kaspi экожүйесіндегі сервистер иеленді. Kaspi Магазиннің онлайн-түсімі – 4,74 млрд доллар, ал екінші орындағы Kaspi Travel-да бұл көрсеткіш 1,03 млрд доллар болған. Яғни бірінші және екінші орын арасындағы айырмашылық төрт еседен асады.
Үшінші орында Wildberries тұр. Оның Қазақстандағы онлайн-түсімі 601,7 млн долларға бағаланған. Ал алғашқы бестікті Freedom Travel – 292 млн доллар және Halyk Market – 237 млн доллар көрсеткішпен түйіндейді.
Одан кейінгі орындарда Яндекс Еда – 218,6 млн доллар, Ozon – 195,3 млн доллар, Wolt – 191,7 млн доллар және Glovo – 110,8 млн доллар.
Қазақстандағы ең ірі 50 интернет-платформа
2025 жылғы онлайн-түсім бойынша, $ млн
Ұяшық көлемі платформаның 2025 жылғы онлайн-түсіміне пропорционал. Көрсеткіштер бүтін санға дейін дөңгелектелген.
Онлайн сауда тек маркетплейстермен шектелмейді
Рейтинг интернет арқылы тауар сататын классикалық маркетплейстерден ғана тұрмайды. Оған әуе билеттерін сататын компаниялар, туристік сервистер, тамақ пен азық-түлік жеткізу қызметтері, автокөлік пен жылжымайтын мүлік платформалары және дәстүрлі сауда желілерінің интернет-дүкендері де кірген.
Мәселен, Air Astana-ның онлайн-түсімі 98,2 млн долларға жеткен. Kolesa.kz көрсеткіші – 90,9 млн доллар, Mycar.kz – 81,6 млн доллар.
Қазақстандық ритейлерлер арасында Sulpak 73,2 млн доллар онлайн-түсіммен жоғары орналасқан. Одан кейін «Золотое Яблоко» – 53,7 млн доллар, Technodom – 48,4 млн доллар және Mechta – 25,4 млн доллар.
Билет пен саяхат сегментінде де бірнеше ірі ойыншы бар. Freedom Ticketon-ның көрсеткіші – 65,9 млн доллар, Kino.kz – 50,8 млн доллар, FlyArystan – 49,7 млн доллар, Tickets.kz – 34,3 млн доллар.
Нарықтағы алшақтық үлкен
Рейтингтің ең қызық тұстарының бірі – алғашқы бірнеше платформа мен қалған ойыншылар арасындағы үлкен айырмашылық. Бірінші орындағы Kaspi Магазиннің онлайн-түсімі миллиардтаған доллармен есептелсе, рейтингтің соңындағы компанияларда бұл көрсеткіш бірнеше миллион, тіпті 1 млн доллардан төмен.
Мәселен, Naimi-дің онлайн-түсімі 1,6 млн доллар, Satu.kz – 1 млн доллар, Chocolife – 0,7 млн доллар, ал рейтингті түйіндеген Squares.kz – 0,4 млн доллар.
Бұл Қазақстандағы онлайн нарықтың ауқымы кеңейгенімен, негізгі айналымның ірі платформалар төңірегінде шоғырланғанын көрсетеді.