Украинаның бас прокуроры қызметінен кетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Руслан Кравченко қызметінен кетті / фото: Euronews

Украина бас прокуроры Руслан Кравченко қызметінен кету туралы арыз жазды. Бұл таңдауын «саяси шешім» деп атап, Бас прокурор қызметінің саяси текетірес құралына айналғанын қаламайтынын айтты деп хабарлайды Kursiv Media.

ВВС жазуынша, Украинаның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы мен Мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура қылмыстық ұйымды әшкерелеген. Тергеушілер мәліметінше, ұйым мүшелері алаяқтықпен айналысатын колл-орталықтардан пара алып, сол ақшаны заңдастырған.

Бюро жариялаған аудиожазбаларда «Босс» деген адам аталады. Украиналық журналистер ол Кравченко болуы мүмкін деп болжаған. Алайда бас прокурор бұл іске қатысы барын жоққа шығарып, ешқандай қылмыс жасамағанын мәлімдеді.

Кравченконың жұмыстан кетуі Бас прокуратурадағы жемқорлық дауына байланысты болды. Бұған дейін Кравченконың қарамағындағы Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Сергей Крапиваға сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылған. Бірақ ол да өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты.

«Украинская правда» басылымының жазуынша, Украина президенті Владимир Зеленский 7 қыркүйекте Кравченкомен кездесіп, оның отставкасын талқылаған.

Кравченко Украина бас прокуроры қызметіне 2025 жылғы маусымда кіріскен. Енді оның отставкасын бекіту үшін Жоғарғы Раданың келісімі қажет.

Осыдан үш ай бұрын Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакты екі айға қамауға алған еді. Оны да «заңсыз тапқан қаражатты жылыстатты» деп айыптады. Бірақ Ермак кепіл төлеп, тергеу уақытында үйіне босап шықты.

Сондай-ақ оқыңыз