Екібастұз тұрғындары көк түтін мен қалың тұманға шағымданып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: КТК телеарнасынан скрин

Екібастұз қаласын бірнеше күннен бері қою түтін басып тұр. Қала тұрғындары ауада күйік пен бензин және күкіртсутекке ұқсас белгісіз химиялық заттардың иісі сезілетінін айтып, шағымдануда. Алайда мамандар зиянды заттар рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін анықтамаған деп хабарлайды Kursiv Media КТК-ға сілтеме жасап.

Тұрғындар, әсіресе, таңертең анық байқалатын түтіннің видеоларын жариялап жатыр. Олардың айтуынша, қала үстін көкшіл тұман басып, ауада күйік пен химиялық затқа ұқсас өткір иіс сезіледі. Жағдай таңертең және түнге қарай күшейеді. Осы уақытта тұрғындардың арасында тамақтың ашуы, жүрек айну және бас ауруына шағымданатындар көбейген. Кейбір адамдар далада серуендегеннен кейін жөтел пайда болғанын айтады.

Тұрғындар жағдайға қала маңындағы көмір ошақтары себеп деп санайды. Екібастұз маңында елдегі ең ірі үш көмір өндіруші кәсіпорын орналасқан.

Ал мамандар түтіннің пайда болуын ыстық әрі желсіз ауа райымен байланыстырып отыр. Мұндай жағдайда көмір разрездеріндегі көмір тотығып, өздігінен тұтанып, өткір түтін бөлуі мүмкін. Олар оқиға орнына барып, ауа құрамынан сынама алған. Тексеру нәтижесінде қауіпті заттардың мөлшері нормадан аспаған.

«Өрт ошақтары болды, бірақ биылғыдай жиі болған емес. Биыл ашық разрездердегі өрт ошақтарының саны артты. Оның бір бөлігін, мысалы, Шығыс разрезінде, «Богатырь» разрезінде оқшауладық. Қазір «Ангренсор Энерго» ЖШС бойынша мәселе ашық күйінде қалып отыр», – деді Павлодар облысы экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жомарт Кәрімов.

Экологтар көмір өндіру саласын ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді. Жақында разрездерде бірқатар заң бұзушылықтар да анықталған. Екі кәсіпорын анықталған кемшіліктерді жойған, ал бір кәсіпорында қайта тексеру жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: «Ауа сапасы орташа»: әкімдік Өскемен тұрғындарының шағымына жауап берді

Сондай-ақ оқыңыз