Енді нотариустар жылжымайтын мүлік мәмілесін кез келген қалада рәсімдей алмайды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариуста рәсімдеу тәртібі өзгерді. Енді сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге қою және мемлекеттік тіркеуді талап ететін басқа да мәмілелерді жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі нотариуста куәландыру қажет, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бұған дейін мәмілені кез келген нотариуста рәсімдеуге болатын. Яғни 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілені Қазақстанның кез келген нотариусында рәсімдеуге болатын. Бұл тәртіп жойылды.

Аумақтық қағидат енгізілді

Жаңа талап «Нотариат туралы» заңның 54-бабының 2-1-тармағында бекітілген. Әділет министрлігі бұл өзгерісті жылжымайтын мүлікті рәсімдеу процесін ретке келтіріп, мұндай операциялардың қауіпсіздігін арттыру қажеттілігімен түсіндірді.

Ведомствоның мәліметінше, аумақтық қағидат жылжымайтын мүлік нысаны, мәмілені нотариат арқылы куәландыру және құқықтарды кейінгі мемлекеттік тіркеу арасындағы байланысты нақтылауға мүмкіндік береді.

«Аумақтық қағидат нысан, мәмілені нотариат арқылы куәландыру және құқықтарды кейінгі мемлекеттік тіркеу арасындағы байланысты нақтырақ қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министрлік.

Мысалы, пәтер Алматыда орналасса, келісімшартты Алматыдағы нотариуста куәландыру қажет. Ал жылжымайтын мүлік Астанада болса, мәмілені елордадағы нотариуста рәсімдеу керек.

Бұл ретте пәтерге билік ету құқығына ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Меншік иесі басқа қалада жүрсе де, өз жылжымайтын мүлкін бұрынғыдай сата, сыйға тарта немесе кепілге қоя алады.

Меншік иесі келе алмаса не істеу керек

Мұндай жағдайда өкілге нотариаттық сенімхат рәсімдеуге болады. Мысалы, Астанадағы пәтердің иесі уақытша Алматыда жүрсе, ол өкіліне сенімхат бере алады. Осыдан кейін өкілі Астанадағы нотариусқа барып, қажетті рәсімдерді жүргізеді.

Яғни пәтер орналасқан қалаға меншік иесінің жеке өзі баруы әрдайым міндетті емес. Алайда мәміленің өзі жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша жасалуы тиіс.

2026 жылы сатып алу-сату шарты қанша тұрады

Айта кетейік, нотариалдық рәсімдеу құны мәмілеге кімдердің қатысатынына байланысты.

  • Егер сатушы мен сатып алушы жеке тұлғалар болып, бір-біріне туыстық қатысы болмаса: 12 АЕК – 51 900 теңге.
  • Егер тараптар жақын туыстар болса (ата-ана, балалар, ерлі-зайыптылар, немерелер, туған аға-әпкелер): 7 АЕК – 30 275 теңге.
  • Егер тараптардың бірі заңды тұлға болса: 17 АЕК – 73 525 теңге.
  • Ерлі-зайыптының нотариалды куәландырылған келісімі 1,5 АЕК – 6 487 теңге тұрады.
Сондай-ақ оқыңыз