Li Auto бір зарядпен 800 шақырым жүретін жаңа i9 флагманын таныстырады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Li Auto i9, Li Auto, Лисян, Lixiang, Li Auto i9 характеристики, Li Auto i9 120 кВтч, Li Auto i9 запас хода, электрический кроссовер
Фото: Li Auto, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қытайлық Li Auto компаниясы жаңа флагмандық i9 электрлі кроссоверін таныстырмақ. Алты орындық модель 120 кВт·сағ аккумулятормен, қос электр қозғалтқышымен және орындықтары бір-біріне қарай бұрыла алатын ерекше салонымен ерекшеленеді.

Алты орындық флагман

Li i9 моделінің тұсаукесері 16 қыркүйекте өтеді. Ол Mega Home минивэнінен кейінгі Home сериясындағы екінші модель болады. Сондай-ақ жаңа көлік Lixiang қатарындағы флагмандық электрлі SUV орнын алады.

i9 өлшемдері: ұзындығы – 5225 мм, ені – 1970 мм, биіктігі – 1752 мм. Ал дөңгелек базасының ұзындығы 3168 мм-ге жетеді. Салонда үш қатар және 2+2+2 үлгісі бойынша орналасқан алты орын бар.

Компания көліктің көлеміне ғана емес, салондағы жайлылыққа да мән берген. Li Auto басшысы Ли Сян жолаушылар салонының дизайнын көрсетті. Онда орындықтарды бір-біріне қаратып бұруға болады. Осылайша екінші қатар жолаушылардың өзара сөйлесуіне ыңғайлы жеке кеңістікке айналады.

Үлкен отбасыларға арналған электрлі көлік үшін мұндай шешім әсіресе ыңғайлы болуы мүмкін.

Аккумуляторы 120 кВт·сағ, жүріс қоры 800 шақырымнан асады

Көліктің қозғалысына екі электр қозғалтқышы жауап береді. Алдыңғы қозғалтқыштың қуаты – 201 ат күші, артқысы – 335 ат күші. Осылайша олардың жалпы қуаты 536 ат күшіне жетеді.

Электр энергиясы сыйымдылығы 120 кВт·сағ тартқыш аккумуляторда сақталады. Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің дерегіне сәйкес, көліктің CLTC циклі бойынша жүріс қоры 800 шақырымнан асады. Бұл WLTP стандарты бойынша шамамен 648 шақырымға тең.

Аккумулятор ұяшықтарын Sunwoda және CATL компаниялары жеткізеді, ал соңғы құрастыру жұмыстарын Li Auto өзі атқарады. Дегенмен компания жеткізушілер құрамын біртіндеп өзгертуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, CATL аккумуляторларынан бас тартып, Sunwoda мен CALB шығаратын өз әзірлемелеріне көшуді көздейді.

Еске салайық, Қазақстанда алдағы жылдары Li Auto, OMODA, JAECOO және SITRAK маркалы көліктер шығарыла бастайды. Сонымен қатар BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станцияларының желісі дамытылады. Бұл жоспарлар 2028 жылға дейінгі автомобиль өнеркәсібін дамыту аясында жүзеге аспақ. 

Сондай-ақ оқыңыз