PISA 2025: Қазақстан оқушылары OECD деңгейінен қаншалықты артта қалды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
PISA нәтижесі шықты / фото: Kursiv Media

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) PISA 2025 нәтижесін жариялады. Kursiv Media PISA 2025 нәтижесін талдап көрді.

Биылғы зерттеуге 91 ел мен экономикадан 15 жастағы 760 мыңнан астам оқушы қатысты. Қазақстанда тесті 643 мектептің 22 680 оқушысы тапсырды. Бұл елдегі 15 жастағы оқушылардың шамамен 95%-ын қамтитын іріктеме, деп көрсетілген OECD есебінде.

PISA мектеп бағдарламасын қаншалықты жаттағанын ғана тексермейді. Зерттеу оқушының алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуын, ақпаратты талдауын, мәселені шешуін және сыни ойлауын бағалайды.

Қазақстанның нәтижесі қандай?

PISA 2025 қорытындысында Қазақстанның ең жоғары көрсеткіші жаратылыстанудан болды – 420 балл. Математикадан орташа нәтиже 414 балл, ал оқу сауаттылығынан 385 балл болды.

Үш бағыттың бәрінде Қазақстан OECD елдерінің орташа деңгейінен төмен:

🔬 Жаратылыстану
Қазақстан — 420 OECD — 482
−62 балл айырма
➗ Математика
Қазақстан — 414 OECD — 463
−49 балл айырма
📖 Оқу сауаттылығы
Қазақстан — 385 OECD — 461
−76 балл айырма

Осылайша, OECD деңгейімен салыстырғанда Қазақстанның ең үлкен алшақтығы оқу сауаттылығында байқалады. Толық көрсеткіштер OECD-дің PISA 2025 кестесінде берілген.

Қазақстан Қырғызстаннан алда

Көрші Қырғызстан үш негізгі бағыттың бәрінде Қазақстаннан төмен нәтиже көрсетті.

Қырғызстан жаратылыстанудан 363 балл, математикадан 364 балл, оқу сауаттылығынан 344 балл жинаған.

Яғни Қазақстан Қырғызстаннан:

жаратылыстанудан – 57 баллға;

математикадан – 50 баллға;

оқу сауаттылығынан – 41 баллға жоғары нәтиже көрсетті.

Қырғызстанда базалық деңгейге жеткен оқушылар үлесі де төмен. Жаратылыстанудан олардың үлесі 23%, математикадан 19%, оқу сауаттылығынан 20% ғана болды. OECD орташа көрсеткіші тиісінше 74%, 65% және 69%-ды құрайды делінген елге арналған арнайы есепте.

Өзбекстан жаратылыстанудан Қазақстаннан озды

Өзбекстан PISA 2025-те жаратылыстанудан 438 балл алды. Бұл Қазақстанның 420 балынан 18 баллға жоғары.

Өзбекстанда оқушылардың 65%-ы жаратылыстанудан кемінде базалық деңгейге жеткен. Қазақстанда мұндай оқушылардың үлесі – 52%, OECD бойынша – 74%. Өзбекстанның орташа нәтижесі 2022 жылмен салыстырғанда бірден 83 баллға өскен.

Бірақ бұл жерде маңызды ескерту бар. Өзбекстан оқушыларының математика және оқу сауаттылығы бойынша жауаптарынан OECD қосымша тексеруді қажет ететін сәйкессіздіктер тапқан. Сондықтан ұйым бұл екі пән бойынша Өзбекстанның балдарын басқа елдермен салыстыруға жарамды нәтиже ретінде жарияламаған. Сол себепті Қазақстан мен Өзбекстанды толық үш пән бойынша салыстыруға әзірге болмайды, деп түсіндіреді OECD есебінде.

Қытаймен айырма өте үлкен

Қазақстанның тағы бір көршісі Қытай PISA 2025-те ең жоғары нәтижелердің бірін көрсетті. Бірақ мұнда да бір ерекшелік бар: OECD бүкіл Қытайды емес, Бейжің, Шанхай, Цзянсу және Чжэцзяннан құралған B-S-J-Z білім беру жүйесін бағалаған.

Бұл аймақтар жаратылыстанудан 597 балл, математикадан 612 балл, оқу сауаттылығынан 527 балл жинаған.

Қазақстанмен салыстырсақ, айырма:

жаратылыстанудан – 177 балл;

математикадан – 198 балл;

оқу сауаттылығынан – 142 балл.

B-S-J-Z Қытай мен Сингапур PISA 2025-те үш негізгі пән бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен білім беру жүйелері атанды.

Сондықтан инфографикада бұл көрсеткішті жай ғана «Қытай» деп емес, «Қытай, B-S-J-Z аймақтары» деп көрсету дұрысырақ.

Ресей мен Түрікменстан неге жоқ?

Қазақстанның қалған екі көршісі – Ресей мен Түрікменстан бойынша PISA 2025 нәтижесі жоқ.

Ресей PISA-ға соңғы рет 2018 жылы қатысқан және OECD-дің 2025 жылғы қатысушылар тізімінде жоқ. Түрікменстан да PISA 2025 қатысушыларының қатарына кірмеген. Қатысқан елдердің толық тізімін OECD жариялаған.

Сондықтан көрші мемлекеттер бойынша PISA 2025-тің тікелей салыстырмалы дерегі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдың B-S-J-Z аймақтарына ғана қолжетімді.

Ең үлкен мәселе – оқу сауаттылығы

Қазақстан үшін PISA 2025-тегі ең әлсіз бағыт – оқу сауаттылығы.

Қазақстандық оқушылардың небәрі 36%-ы оқу сауаттылығынан кемінде 2-деңгейге жеткен. Ал OECD елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 69%.

Демек, Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың шамамен 64%-ы базалық деңгейден төмен нәтиже көрсеткен.

PISA-дағы базалық деңгей дегеніміз жай ғана мәтінді оқып шығу емес. Бұл оқушының орташа көлемдегі мәтіннің негізгі ойын таба алуы, қажетті ақпаратты іздеуі және мәтіннің мақсаты мен мағынасы туралы қорытынды жасай алуы.

Математикада жағдай сәл жақсырақ болғанымен, мұнда да оқушылардың тек 44%-ы базалық деңгейге жеткен. Жаратылыстануда бұл көрсеткіш 52% болды. OECD бойынша осы екі көрсеткіш тиісінше 65% және 74%-ды құрайды.

Математикадағы нәтиже төмендеді

PISA 2025 Қазақстан үшін тағы бір жағымсыз өзгерісті көрсетті. Математикадан орташа балл 2022 жылмен салыстырғанда 12 баллға төмендеді.

Жаратылыстануда көрсеткіш 4 баллға, оқу сауаттылығында 1 баллға азайғанымен, OECD бұл екі өзгерісті статистикалық тұрғыдан айтарлықтай деп бағаламайды. Ал математика бойынша 2025 жылғы нәтиже 2022 жылмен салыстырғанда төмен болғаны анық байқалады.

Бұдан бөлек, 2018 жылмен салыстырғанда математикадан базалық деңгейге жетпеген қазақстандық оқушылардың үлесі 7 пайыздық тармаққа көбейген.

Сондай-ақ оқыңыз