Қарағанды облысында агроөнеркәсіпке 54 млрд теңге инвестиция салынады

Қарағанды облысында «Евразия Инвест LTD» компаниясы жалпы құны 54 млрд теңгеден асатын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Жобалар аясында 345 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Компания жобаларды өз қаражаты есебінен іске асырып жатыр. Оның иелігінде шамамен 56 мың гектар жер бар, оның 10 мың гектары суармалы алқап.
Қазірдің өзінде жалпы құны 15,9 млрд теңге болатын 5 жоба іске қосылған. Олардың қатарында элеватор, көкөніс қоймасы, 1200 басқа арналған сүт фермасы және 1100 гектар жерді қамтитын суару жүйесі бар.
Жобалардың бірі – Осакаров ауданындағы Родниковское ауылында орналасқан элеватор. Оның бір уақытта 35 мың тоннаға дейін астық сақтайтын мүмкіндігі бар. Кәсіпорында астықты қабылдау, тазалау, сақтау және жөнелту процестері автоматтандырылған.
Қазір тағы 6 жоба іске асырылып жатыр, оның төртеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ал Қарағанды облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау аясында компанияға қолдау көрсетпек.
Тағы да оқыңыз: Экономиканы ауыл шаруашылығы алға сүйрейді: үш жылда жалпы ішкі өнім қандай болмақ