Қазақстанда қаржы ұйымдарына 465 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Ақорда, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда қаржы ұйымдарына 8 айда 465 млн теңге айыппұл салынған. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде айтты, деп хабарлайды Kursiv Media.  

Әбілқасымова Президентке қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы 8 айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берді. Оның айтуынша, банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толығымен жаңарған, 80 нормативтік-құқықтық акті қабылданған.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазір банктердің жалпы активтері 75,6 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері қаржы ұйымдарына 279 тексеру жүргізіліп, 190 қадағалау шарасы қолданылған. Нәтижесінде оларға жалпы 465 млн теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар 13 микроқаржы және коллекторлық ұйым лицензиясынан айырылды. Тағы 6 ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылып, 4 коллекторлық агенттік арнайы тізілімнен шығарылды.

Ол халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту шаралары жөнінде мәлімет берді.

«Бизнеске берілген кредит көлемі 3,5 пайызға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері кәсіпкерлерге жаңадан берілген кредит көлемі 19,1 пайызға артып, 12,5 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар тұтынушылық несиенің өсімі де баяулады. Жылдың алғашқы жеті айында оның өсімі 4,6 пайызды құрады. Шілде айынан бастап мерзімі өткен қарыздарды реттеуге арналған Finkelisimkz платформасы жұмыс істей бастады. Ал жыл соңына дейін азаматтардың қаржы ұйымдарына қатысты шағымдарын қарайтын Бірыңғай қаржы омбудсменінің кеңсесі ашылады», – деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ Мәдина Әбілқасымова мемлекет басшысына 2030 жылға дейін капитал және сақтандыру нарықтарын дамыту бағдарламасы мен осы салаларға қатысты жаңа заң жобаларын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.

Бұдан бөлек, қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды. Агенттік қаржы нарығын бақылауға арналған FinAI платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы дайындалады. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау мәселелері де қарастырылады.

Өз кезегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Тағы да оқыңыз: Қазақстандағы ең ірі 20 микроқаржы ұйымы (Инфографика)

Сондай-ақ оқыңыз