Темекі шегу әйелдердің бедеулікке шалдығу қаупін 40%-ға арттырады – ДДҰ

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Темекі шегетін әйелдерде бедеулік қаупі шылым шекпейтіндерге қарағанда 40 пайызға жоғары болып шықты.  

БҰҰ ақпаратына қарағанда, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жаңа жарияланымында көрсетілген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ұйым жүктілікті жоспарлап жүрген адамдарға темекіден бас тартуға кеңес береді. ДДҰ мәліметінше, темекіні тастаған әйелдерде бедеулік қаупі темекі шегуді жалғастырғандарға қарағанда 25 пайызға төмен.

Бедеулік деп контрацепция қолданбай, тұрақты жыныстық қатынасқа қарамастан, 12 ай ішінде жүкті болмауды айтады. Қазір әлемдегі әрбір алтыншы адам осы мәселеге тап болып отыр.

Темекі шегу тек әйелдердің емес, ерлердің де репродуктивтік денсаулығына кері әсер етеді. 60 мыңнан астам ер адам қатысқан 44 зерттеудің нәтижесі темекінің шәует сапасын төмендетіп, сперматозоидтардың қозғалысы мен пішініне әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Сондай-ақ темекі шегетін ер адамдарда эректильді дисфункция мен эякуляция проблемалары жиірек кездеседі.

Пассивті темекі шегу де репродуктивтік денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ал электронды темекі, кальян және түтінсіз темекінің әсері бойынша зерттеулер әлі жалғасып жатыр.

Айта кететін жайт, Қазақстанда шылым шегетіндер өкпе обырына тегін тексеріле алады.

Сондай-ақ оқыңыз