Тоғыз айда 306 рет жол ережесін бұзған астаналық қамауға алынды

Астанада биыл жол қозғалысы ережесін 306 рет бұзған жүргізуші қамауға алынды. Kursiv.Media бұл туралы елорда прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мониторинг барысында тәртіп сақшылары 25 жастағы Hyundai Palisade жүргізушісін анықтаған. Ол жыл басынан бері белгіленген жылдамдықты 169 рет асырған, тағы 134 рет автобус жолағымен жүрген.
«3 мамырда бейнебақылау камералары оның Ұлы дала даңғылымен сағатына 137 шақырым жылдамдықпен жүргенін тіркеді. Құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіптілігі мен жүйелі түрде жасалғанын ескере отырып, сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды», — делінген прокуратура хабарламасында.
Қадағалау органы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жолдағы басқа адамдарға құрметпен қарауға шақырды.
Осыған дейін 2025 жылғы наурыз-маусым айларында 80 мәрте жол ережесін бұзған азамат сот алдында жауап берген болатын.